Ақтөбе облысындағы тікұшақ апаты: офицердің ақтық сапары

Ақтөбеде майор Батыр Оразымбетовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқу-жаттығу ұшулары кезінде қаза тапқан ұшқышпен қоштасу рәсімі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында өтті.

Оқиға қалай болды?

Еске салайық, 9 қарашада сағат 11:40-та 112 нөміріне Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының аумағында тікұшақ қатты қарқынмен қонғаны туралы хабарлама түскен.

"Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары өртті ауыздықтады. МИ-8 тікұшағының бортында 3 адам болған. Олардың біреуі қайтыс болды. Зардап шеккен екі адам Ақтөбе қаласына ҚР ҚМ ЯК-40 ВОСВОД ұшағымен жеткізілді", - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.

Кейін Қорғаныс министрлігі құлаған тікұшаққа қатысты мәлімдеме жасап, апат себебін атады.

"Авиациялық оқиғаның алдын ала себебі - техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр. Науқастар есін біледі, сұрақтарға жауап бере алады.

"Ауылда тікұшақ құлағаны туралы хабарлама 103-ке сағат 11:36-да түсті. Оқиға орнында екі науқасқа Мәртөк аудандық ауруханасының жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. Бір жәбірленуші 103 келгенге дейін қаза тапты", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тікұшаққа 2023 жылы Алматы қаласының 405 авиациялық-жөндеу зауыты базасында жөндеу жасалған.

"Барлық регламенттік жұмыс, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық нормативтерге сәйкес орындалды. Тікұшақ экипажының да айтарлықтай тәжірибесі бар, күндіз де, түнде де қиын метеорологиялық жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайларға тап болған кезде де тапсырмаларды орындау үшін кәсіби түрде дайындалған", - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің кейінгі хабарламасында.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!