- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысындағы оқушылар...
Ақтөбе облысындағы оқушылар мен мұғалімнің өлімі: білім бөлімі басшысы мен мектеп директоры жазаланды
Ақтөбе облысында олимпиадаға бара жатқанда көлік апатынан көз жұмған оқушылар мен мұғалімнің өлімінен кейін білім бөлімі басшысы мен мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылды. Марқұмдардың туысы олардың тек сөгіспен құтылғанына келіспей отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қара жамылған отбасы қайғылы оқиға кезінде білім ошағының басшысы "Балалардың қауіпсіздігін ойламай, облыс орталығында жүрді" дейді. Тәртіп сақшылары ертіп жүретін көліктер тізімі де дұрыс берілмепті.
"Қызметтен шеттету үшін міндетті түрде құзырлы органдардың негіздемесі керек. Сондықтан тергеу жұмыстары аяқталған жоқ. Тергеу аяқталып, нақты шешім қабылданған кезде Темірастау орта метебінің директорына қатысты нақты жұмыстан босату, басқа да шара қолданылады", - деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Еске салайық, екі апта бұрын Ырғыз ауданына республикалық олимпиаданың бірінші кезеңіне қатысуға Жаныс би ауылынан бес оқушы мен бір мұғалім жолға шыққан. Олар мінген көлік жүк көлігімен соқтығысып, екі оқушы мен мұғалім сол жерде қаза тапқан.
Ал көлік иесі мен марқұм қыздың ағасы қазір қамауда отыр. Облыстық білім басқармасындағылар енді Ырғыз ауданы білім бөлімінде басшы жоғын сылтауратып отыр. Сондықтан уақытша міндетін атқарушыға тек сөгіс жариялапты. Ал Темірастау орта мектебінің директорына қатаң сөгіс берілген. "Жұмыстан босату мәселесі тергеу аяқталған соң шешіледі" дейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан