Ақтөбе облысындағы оқушы өлімі: тағы бір кәмелетке толмаған бала ұсталды

Ақтөбе облысындағы оқушы өлімі: тағы бір кәмелетке толмаған бала ұсталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақтөбе облысында мектеп оқушысын өлтірді деген үшінші күдікті қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2 қыркүйекте Темір ауданы Қопа ауылында кәмелетке толмағандар арасында жанжал шығып, салдарынан 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдық қайтыс болды.

Ресми мәлімет бойынша, бұзақылық және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қылмысқа қатысы барлардың бәрі анықталып, олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

"Жедел-тергеу тобы құрылды, қылмыстық істі полиция департаменті өз бақылауына алды, процессуалдық прокурор тағайындалды. Объективті және жан-жақты тергеу үшін барлық қажетті шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Үш кәмелетке толмаған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, олардың әлеуметтік жағдайына, туыстық байланыстары мен лауазымдарына қарамастан, кінәлілер жауапқа тартылады", - делінген Ақтөбе облыстық полиция хабарламасында.

Еске салайық, Қопа ауылындағы мектеп оқушысының өліміне қатысты қылмыстық істі тергеуді бас прокурор Берік Асылов жеке бақылауына алған еді.  

"Бұл жағдай тәрбие берудегі кемшіліктерге байланысты болған, салдарынан жасы үлкен балалар кішілерге әлімжеттік жасап, бірін-бірі ұруға мәжбүрлеген", - деп жазды ведомство басшысы Х парақшасында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан