Ақтөбе облысындағы мектепте 8 оқушы мен 8 мұғалім қалған

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданына қарасты Велиховка ауылындағы жаңа мектеп жабылудың алдында тұр. 2008 жылы салынған бұл білім ордасында қазір небәрі сегіз бала ғана оқиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазонға" сілтеме жасап.

Әр сыныпта бір-екі оқушыдан ғана бар. Ал мұғалімдердің саны – сегіз. Мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары мектеп жабылса, балаларының интернатқа кетіп қалатынын, ал мұғалімдердің жұмыссыз қалатынын айтып алаңдаулы.

Ауыл әкімдігі бұл мәселені шешу үшін көпбалалы отбасыларды көшіп келуге шақырып отыр. Әкім әлеуметтік желіде хабарландыру жариялап, көшіп келушілерге барынша қолайлы жағдай жасалатынын айтты. Ауылда 60-қа жуық үй болса, соның ішінде кем дегенде 10 үй бос тұр. Кейбір бос үйлерді жөндеп, отбасыларға тегін бермек. 5 жыл тұрғаннан кейін, тұрғын үй жаңа қожайынның меншігіне өтеді. Бұдан бөлек, ауылға газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін газ беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар ауылда су тазарту қондырғысы орнатылған, тіпті орталықта ауызсуды тегін алуға болады.

Мектеп жақсы жабдықталған, оқушыларға ыстық тамақ беріледі. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған пандус та бар. Бірақ оқушы саны жетпеген жағдайда мектеп жабылады. Бұл – ауыл өмірінің тоқырауына әкеп соғатын үлкен қауіп.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!