Ақтөбе облысында спортшы балалармен жарысқа шығып, жол апатына ұшыраған волейбол жаттықтырушысы қозғала алмай қалған, - деп хабарлайды Astana.tv.
Телеарна мәліметінше, 2022 жылғы желтоқсанда Темір ауданынан облыс орталығына тоғыз баладан құралған команда мен олардың тәлімгері жарысқа аттанған.
Олар спорт мектебі директорының орынбасары тізгіндеген жеті орындығы бар көлікпен жолға шыққан. Жолда көлік аударылып, бір бала қаза болды. Қалғандары жарақат алған. Бір айға жуық жасөспірімдер ауруханада, екеуі жансақтау бөлімінде жатты. Қазір бәрі үйлеріне шыққан, бірақ кейбіреуіне ұзақ емделу қажет. Жаттықтырушы алдымен комаға түскен, қазір есін жиған, бірақ қозғалмайды.
"Орталық жүйке жүйесі зардап шекті. Болжам жасау қиын, бірақ енді толық қалпына келмейді", - деді Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалған, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары әлі де тергеуде. Қайғылы жағдай үлкен проблеманың бетін ашты: өңірдегі 38 спорт мектебіне небәрі тоғыз автобус берілген. Бюджеттен көлік сатып алуға 220 миллион теңгеден аса қаражат қарастырылған.
"12 автобус сатып аламыз. Облыстың барлық ауданына автобустар береміз. Байқау келесі аптада жарияланып, көктемде автобустар беріледі", - деді Ақтөбе облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысындағы жантүршігерлік жол апатынан кейінгі оқушылардың жағдайы айтылған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!