- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысындағы Екпетал...
Ақтөбе облысындағы Екпетал елдімекені тасқыннан жермен-жексен болды
Ақтөбе облысындағы бес ауданда төтенше жағдай жарияланды. Тасқыннан Ойыл ауданындағы Екпетал ауылы су астында қалды. Баспаналар бүлінгенімен, адамдар дер кезінде құтқарылыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Тіпті облыс орталығында да төтенше жағдай жарияланды. Себебі Ақтөбедегі су қоймасы ернеуіне жетіп, апаттың алдын алу үшін шлюздер ашылған. Соның салдарынан Елек өзенінің жағасындағы жүздеген үйді су алды.
Ел арасында "Лесхоз" аталғанымен, ауылдың ресми атауы Екпетал. Енді Ойыл ауданындағы бұл елдімекенді тасқыннан кейін Қазақстан картасынан табу қиын болады. Барлық шаңырақ судың астында қалып, тұрғындары әрең аман қалды. Көршілес Қаратал, Қарасу, Амангелді, Көптоғайға да қауіп төніп тұр. Құтқарушылар тікұшақпен ғана ауылдарға жетіп жатыр. Берсиев, Саралжын, Қайыңды, Ойыл ауылдары аралда қалғандай. Бұл жақта байланыс та, жарық та, газ да жоқ. Қатынас толық үзілген.
"Аудан бойынша жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бүгінгі күні Екпетал ауылын су басты. Қаратал, Қарасу, Амангелді, Қарасу, Көптоғай ауылдарына үлкен қауіп төніп тұр. Сондықтан осы елдімекен тұрғындары қауіпсіз аймақтарға шығуын сұраймын", - деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Қатты нөпірмен аққан су Елек өзенінің етегіндегі жүздеген үйді басып қалған. Шаңырақтарының суда көлкіп тұрғанын көргендер күйініп тұр. Әсіресе, жеті жыл бұрын дәл осылай тасығанда баспанасыз қалған Кірпішті көпірі тұсында тұратындар "тағы да тентіреп кеттік пе" деп жылайды.
"Енді бұлар қайда барады, балалар, айтыңдаршы?! Біз не істейміз? Сол күйі қалып тұр ғой. Кішкентай балалары бар. Қай жаққа барады, қысты күні? Көмек берсеңіздерші. Өстіп-өстіп жылда кете береміз бе?" - дейді Қалдықыз Құдайбергенова.
Су басқан аймақта қазір премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жүр.
"Тасқынға қатысты сараптама жасап жатырмыз. Осындай жағдай бұрын Ақтөбеде болғанын білеміз. 2017 жылғы жағдай есімізде. Мемлекеттік органдардан кеткен қате болса, оны анықтаймыз. Қапыл қар еріп, жаңбыр жауып, одан соң тасқынға тосқауыл болуға мүмкіндік болған-болмағанын тексереміз", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова