Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында мал қырылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қызылжар округіне қарасты екі ауылда 49 бас ірі қара өлген. Жайылымнан оралған сиырлар алдына қойған жем-шөп пен суға қайырылмай, бірнеше күннен кейін құлаған. Малы қырылған ауыл тұрғындары карантин жариялауды сұрап отыр. Алайда өлекседен сынама алған мамандар жаппай шектеу қоюға негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Облыстық ветеринария басқармасының өкілдері ірі қарадан тейлериоз анықталғанын жеткізді. Төрт-түлікке кенеден жұғатын паразит тез таралатын, қауіпті аурулар қатарына жатпайды.
Мамандар адамға да қауіп жоқ екенін айтты.
"Ветеринарлар аулаларды аралап, ауру жұқтырған мал басын есепке алып, тұрғындарға бұл дерт аса қауіпті аурулар тізімінде жоқ екенін түсіндіріп жүр. Сондықтан алдын алу және ем-дом шараларын мал иелерінің өздері жүргізуге тиіс. Қора мен жайылымдарды улау қажет", - деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Күлсара Жақыпова.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!