Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қала тұрғындарына үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкім әлеуметтік желідегі парақшасында өңірдегі жағдай туралы бейнежазба жариялады.
Оның айтуынша, 8 ақпандағы жағдай бойынша, 7 республикалық және 7 облыстық маңызы бар автожолдар жабық.
"Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 бірлік техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстың 8 ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды, онда 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Полиция трассалардағы 50-ден аса автокөлікті құтқарды", - деген Асхат Шахаров.
Ол өңірдегі жарық беру мәселесіне тоқталып, бригадалардың түнімен жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
"Облыстағы 56 ауылдың 27-сінде жарық қосылды. Ол - 2700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары түнімен жүргізіледі", - деп атап өтті облыс әкімі.
Ал сумен қамту бойынша "Төменгі Қарғалы" және "Тамды" бастоғандары, сондай-ақе қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілген.
Бейнежазба аяғында өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерлерге алғыс айтып, баршаны болған жағдайға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырды.
"Біз әрқашан біргеміз. Амандықта болайық", - деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласы аумағында ауа райына байланысты төтенше жағдайлар тіркеліп жатқаны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз