- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысында үйіне...
Ақтөбе облысында үйіне кешігіп келген әйелін пышақтап өлтірген ер адам сотталды
Ақтөбе облысында үйіне кешігіп келген әйелін пышақтап өлтірген ер адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Оқиға биыл 21 маусымда Ақтөбе облысындағы Мәртөк ауылында болған.
Ер адам сағат 22.00 шамасында балаларды жатқызып, әйеліне хабарласып, оның қайда екенін және үйге қашан келетінін сұрай бастаған. Әйел әріптестерімен бірге жүргенін, кейінірек келетінін айтқан. Біраз уақыттан кейін ер адам терезеден көліктен түсіп келе жатқан әйелін көреді.
Бұл кезде күйеуі мас болып алған. Ол үйден пышақ алып, аулаға шыққан. Ер адам сол жерде ашуланып, ұятсыз сөздер айтқан. "Неге қаңғырып жүрсің? Балаларыңның бары енді есіңе түсті ме?" деп, әйеліне айғайлай бастаған. Сол арада ерлі-зайыптылардың арасында жанжал басталды.
Ер адам әйелінің шашынан ұстап, оның мойын тұсына пышақпен 1 рет соққы жасаған. Өзінің қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастырып, ер адам әйеліне бірнеше рет пышақпен соққы жасаған, салдарынан әйелі оқиға орнында қаза болған.
Сотталушының ұстанымы
Ер адам өзіне тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, әйелін қызғанудан туған дау салдарынан өлтіргенін және жасаған қылмысы үшін шын ниетпен өкінетінін айтқан.
Прокурордың ұстанымы
Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты толықтай қолдап, соттан сотталушыға 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Тағайындалған жаза
ҚК-нің 99-б. 1-б. санкциясында 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кінәсін мойындап, өкінуін таныды.
Сотталушының қылмыстық құқықбұзушылықты алкогольдік масаң күйде жасағанын сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай деп таныды.
Соттың үкімімен В. кінәлі деп танылып, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.
Сотталғаннан жәбірленуші өкілінің пайдасына моральдық өтемақы есебіне 10 000 000 теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина