Ақтөбе облысында тұрғындар салып қойған үйлеріне кіре алмай жүр

Ақтөбе облысында тұрғындар салып қойған үйлеріне кіре алмай жүр
Фото: Massaget.kz / Кәмшат Сексенбайқызы

Ақтөбе облысы Алға ауданында мемлекеттен тегін берілетін 10 соттық  жерге үй салған тұрғындар баспаналарына кіре алмай жүр. Себебі инфрақұрылымдық желілер тартылмаған. Бірнеше жылдан бері ауыз су мен электр жарығын  күтіп шаршаған тұрғындар жанайқайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалада жалдамалы пәтерден шаршаған Гүлнар Смағұлова 2018 жылы отбасымен Үшқұдық ауылына көшіп барады. Ауыл іргесіндегі жаңа ауданнан жер телімін алған соң, үй салады. Алайда Гүлнар бес жылдан бері салып қойған баспанасына кіре алмай жүр. Себебі әлі күнге дейін аумақта жарық пен ауыз су желісі тартылмаған. Ал адам тұрмағаннан кейін, үйдің шатырынан су ағып, қабырғалары сыз тарта бастапты.

"Таза еңбегімізбен маңдай терімізбен салған үйімізге кіре алмай жүрміз. Адам тұрмағасын үйіміз жылдан жылға азып бара жатыр. Жарық пен ауыз суды күткенімізге бес жылдай болды. Қазір үйімізді төбесінен су кірген, еден көтеріліп жатыр.  Ақ адал еңбегіміз далаға кетіп жатыр. Менің кәмелет жасқа толмаған үш балам бар. Амал жоқ, қалада пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Екі бөлмеге 140 мың теңге төлеймін. Осыдан кейін қалай шырылдамаймын", - дейді Гүлнар.

Үшқұдық аулының іргесіндегі тұрғын үй алабында 1500 жер учаскесі қарастырылған. 2016 жылы кезекте тұрғандардың барлығына осы аумақтан жер берілген. Қазір 20-ға жуық үй салынып тұр. Баспанасының іргетасын қалап қойғандар бар. Жарық пен ауыз су болмағанан кейін халық, үйлеріне кіре алмай отыр. Тұрғындар иесіз үйлерін ұрылардың жиі торуылдайтынын айтады. Ауыл тұрғыны Сұлтан Естаев та кезекке тұрып, он соттық жер алған. 2019 жылы үй салыпты. Алайда коммуналдық желінің жоқтығынан үйіне кіре алмай жүр.

"Жарық, ауыз су жоқ. Көгілдір отын кіріп тұр. Бірақ оны қосу үшін де электр қуаты керек. Үйдің қасында электр бағаналары орнатылып, ауыл ішіне желілер тартылып тұр. Бірақ трансформатордың ішін тонап кеткен. Ішінде дым жоқ. Адам болмағанан кейін үйге ұры түседі. Өткенде терезені сындырып, құрал-жабдықтарды үптеп кетіпті", - дейді Сұлтан есімді тұрғын.

Тұрғындар әкімдіктен ауыз су мен электр желісін тартып беруді сұрайды. Ал аудан  әкімдігі 2017 жылы 530 участокке электр желісі тартылғанын, алайда аумақта жер телімдерінің барлығында құрылыс жүргізілмегендіктен трасформаторлардың тоналып кеткенін жасырмады. Қазіргі таңда аудандық бюджеттен 30 миллион теңгеге сметалық құжат жасалып қойылған. Алайда әкімдіктегілер электр желісін қайта қалпына келтіргенмен, жер телімдерінің барлығына үй салынбағаннан кейін тағы тоналып кетеме деп қауіптенеді. Соған қарамастан баспанасын тұрғызып қойған тұрғындарға электр желісін тартып беретіндерін айтты.

"Өтініш білдірген азаматардың жер телімін қараймыз, зерделейміз. Қазір "Энергосистема" мекемесімен сөйлесіп отырмыз. Мамандары келді. Қазіргі таңда осы аумақтағы  бес-алты үй ескі линияға қосылып отыр. Жаңадан салынған линияға да  қосылуға мүмкіндік бар. Егер жақын арада үйлердің бәрі салынатын болса, бюджеттен ақша қарастырып толық линияны жөндеп береміз", - деді Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Қанғожин.

Сондай-ақ әкімдіктегілердің айтынша, ауылға ауыз су желісін тарту үшін барлау жұмысы жүргізілген. Маусым айында нәтижесі шығады. Содан кейін жобалық-сметалық құжат дайындауға өтінім берілмек.

Кәмшат Сексенбайқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz