Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы аясында туған жерді абаттандыруға ақтөбеліктер белсене атсалысып жатыр.
3 шілде күні Ақтөбе қаласында полиция департаменті "Экопатруль" профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері абаттандыру ережесін бұзушыларға ескерту жасап, тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырды. Сондай-ақ жауапкершілік пен әкімшілік жазалар туралы 200-ден астам парақша таратты.
"Экопатруль" іс-шарасы елімізде сәуір айында басталған "Таза Қазақстан" акциясына полицияның зор үлес қосып отырғандығын көрсетті. Өткен үш айдың ішінде көпшіліктің жұмыла жасаған жұмыстарының нәтижесінде айналамыз тазарып қалды. Әркім өзі жүрген жерді таза ұстап, қаланы жайлы әрі әдемі етуге тырысуда.
Бүгін Ақтөбе су қоймасының жағасында "Jasyl сгоѕѕ 2024" плоггинг-марафон өтті. Плоггинг- жүгіруді қоқыс жинаумен біріктіретін экологиялық қозғалыс. Бұл сөз екі ұғымнан тұрады: швед тілінен аударғанда "plocka upp" және "jogging".
Жастар ырғақты музыканың әсерімен су қоймасы жағалауындағы шашылған қоқысты тез жинап тастады. Жігіттер қоқыс салуға арналған қапшықтарын тезірек толтыруға тырысты, өйткені марафонда кім жылдам, көп көбірек жинайды, сол жеңіске жетеді деген ұғым бар.
Көптің жұмылып жұмыс істеуінің нәтижесінде 18 тонна қоқыс жиналды. Қағаздар, пластикалық, шыны бөтелкелер, пакеттер - қоқыстар жастар жинап алғанша желмен бірге ұшып, шашылып, жағалаудың сәнін кетіріп тұр еді. Әп-сәтте айнала жайнап шыға келді - жағалау тазарып, сәні кіріп қалды.
Бұл - "Таза Қазақстан" акциясының аясында ұйымдастырылған бірінші және соңғы іс-шара емес.
Ақтөбеліктер Мемлекет басшысының елімізде тазалық жұмыстарын - сенбілік өткізуге қатысты ұсынысын зор ықыласпен қабылдады.
Сандар мен деректер
6 сәуірден бастап облыс бойынша көгалдандыру, санитарлық тазалық және елді мекендерді абаттандыру бойынша екі айлық акция ұйымдастырылды.
"Таза Қазақстан" акциясына 213 954 тұрғын қатысып, 5 993 мекеме мен кәсіпорын жұмылдырылды. 18 982 аула тазартылды, оның 2 326-сы - көпқабатты үйдікі, 16 656-сы - жеке үйге тиесілі. Еріктілер еңбек ардагерлерінің, қарттардың үйлерінің аулаларын ретке келтірді.
276 саябақ пен гүлзардың қоқысы жиналды. Қала мен елді мекендерде 285 910 ағаш пен 6 350 көшет егілді. Көгалдандыруға, әсіресе, "Жасыл ел" еңбек жасағының жастары белсене араласты.
Үш ай ішінде барлығы 205 су айдынының жағалауы (өзендер, көлдер, бұлақтар) қоқыстан тазартылды. 41 жасанды су қоймасы мен субұрқақтардың айналасы, 84 526 метр арық тазартылды. Бұлақтардың айналасы тазартылып, қоршаулар мен орындықтар сырланып, ағаштар әктелді. 256 тарихи-мәдени ескерткіштің айналасы тазартылды.
Алаңдарды тазалауға 2866 бірлік техника жұмылдырылды. Қоқыс полигондарына 30 905 тонна қалдық шығарылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!