Ақтөбеде №3 қалалық емхананың бұрынғы бас дәрігері Жанвек Нармұхамедовке сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
Айыптау актісіне сәйкес, Жанвек Нармұхамедов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘМСҚ) қаражат жымқыру жоспарын құрған. Ол "DamuMed" ақпараттық жүйесіне медициналық қызмет көрсету туралы көрінеу жалған мәліметтерді, соның ішінде ойдан шығарылған және бұрын көрсетілген қызметтерді қайталайтын деректерді енгізіп отырған.
Орындалған жұмыс актілері мен шот-тізілімдер негізінде қор шотынан оның емханасының есепшотына миллиондаған қаражат аударылған. Тергеу мәліметтері бойынша, айыпталушы қылмыстық махинациялар арқылы ӘМСҚ-дан барлығы 53 миллион 117 мың теңге жымқырып, оны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Дәрігер қылмыстық іс бойынша кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеді, содан кейін прокуратурамен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасты. Сот Жанвек Нармұхамедовті бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім кесті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Ақтөбеде Нармұхамедов - медицина саласына 40 жылдан аса уақытын арнаған білікті маман әрі жақсы дәрігер. Ол қарапайым емхана ішінен көз микрохирургиясының амбулаторлық орталығын ашқан, онда жыл сайын катаракта, глаукома және басқа да аурулары бар адамдарға 600-ге жуық ота жасалады. Пандемия кезінде, барлық аурухана лық толған шақта, ол бас дәрігер ретінде емхана базасында стационар ашу туралы шешім қабылдаған. Бұл стационарда 1400 адам емделіп шықты.
Нармұхамедов мемлекеттен "Құрмет" орденін алған. 12-шағынаудандағы №3 емхананы дәрігер 14 жыл бойы басқарды, ал биыл қыста ол құрметпен зейнетке шығарылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz