Ақтөбе облысында су тасқыны көпірлерді шайып кетті - видео

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында су тасқыны салдарынан бірнеше көпір қирады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірде кейінгі күндері жауған қар еріп, соңы тасқынға ұласты. Байғанин ауданындағы бірнеше көпірді су шайып кетті. Әлеуметтік желіде су басқан көпірдің видеолары тарады.

Ауданның Алтай батыр ауылынан шығар жолдағы көпір де қираған. Ноғайты ауылын күре жолмен жалғайтын өткелдің де жартысы опырылған. Ал Көкбұлақ ауылын аудан орталығы Қарауылкелдімен жалғайтын жалғыз көпір тасқын суға шыдамай, ортасына түскен. Тұрғындар былтыр салынған көпірдің суға шыдас бермей, опырылғанына наразы.

Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушановтан аудандағы жағдайды сұрадық. Оның айтуынша, кеше аумақта ауа райы күрт жылынып, таңға дейін жаңбыр жауған. Нөсер соңы тасқынға ұласқан. Соның салдарынан Алтай батыр ауылы маңындағы көпір опырылған.

"Тұрғындарға хабарланды. Қауіп төніп тұрған жоқ. Сол жерде "Мерей-К" ЖШС мамандары жүр. Алты "КамАЗ" бен тағы екі техника тұр. Ертең су басылса, барлығы қайта қалпына келеді", - деді аудан әкімінің орынбасары.

Ал Ноғайты ауылындағы көпірді былтыр түркиялық компания салыпты. Қырдан аққан су көпірдің жартысын бұзып кеткен.

"Көпір толық бұзылған жоқ. Аудандағы "Сағыз Петролеум" компаниясының техникалары жұмылдырылды. Ал Қарауылкелдідегі көпір былтыр демеушілердің көмегімен салынды. Кеше жаңбыр жауды, оған қырдағы еріген қар суы қосылып тасқын көпірді бұзып кетті. Бірақ тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ, қатынас бар. Ертең тасқын тоқтаса барлық көпір қалпына келеді", - деп сендірді Рүстем Раушанов.

К.Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!