Ақтөбе облысында су тасқыны бірнеше көпірді бұзып кетті

Ақтөбе облысында су тасқыны бірнеше көпірді бұзып кетті

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында су тасқыны бірнеше көпірді бұзып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Соңғы күндері жауған қардың соңы тасқынға ұласты. Облыстың Байғанин ауданындағы бірнеше көпірді су шайып кетті. Әлеуметтік желіде су басқан көпірдің бейнежазбалары тарады. Ауданның Алтай батыр ауылынан шығар жолдағы көпір бұзылып қалған. Ноғайты ауылын күре жолмен жалғайтын өткелдің де жартысы опырылып түскен. Ал Көкбұлақ ауылын аудан орталығы Қарауылкелдімен жалғайтын жалғыз көпір тасқын суға шыдамай, ортасына түскен. Тұрғындар былтыр салынған көпірдің суға шыдас бермей, опырылғанына наразы.
Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушановтан аудандағы ахуалды сұрап білдік. Оның айтуынша, кеше аумақта ауа-райы күрт жылынып, таңға дейін жаңбыр жауған. Нөсердің соңы тасқынға ұласқан. Соның салдарынан тасқын су ағып үлгермей Алтай батыр ауылының маңындағы көпірді бұзып кеткен.

"Тұрғындарға хабарланды. Төніп тұрған қауіп жоқ. Сол жерде "Мерей-К" ЖШС-сы мамандары жүр. Алты камаз бен тағы екі техника тұр. Ертең су басылса барлығы қайта қалпына келеді", — деді аудан әкімінің орынбасары.


Ал Ноғайты ауылындағы көпірді былтыр түрік компаниясы салыпты. Қырдан келген мол су көпірдің жартысын бұзып кеткен.

"Көпір толық бұзылған жоқ. Аудандағы "Сағыз Петролеум" компаниясының техникалары жұмылдырылды. Ал Қарауылкелдідегі көпір былтыр демеушілердің көмегімен салынды. Кеше жаңбыр жауды, оған қырдағы еріген қар суы қосылып тасқын көпірді бұзып кетті. Бірақ тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ, қатынас бар. Ертең тасқын тоқтаса барлық көпір қалпына келеді", — деп сендірді Рүстем Раушанов.


К. Сексенбай.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы