Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері жоғалған шопан мен 150 қойды тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңірдегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6 желтоқсанда Қобда ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне барған полицейлерге қожалық басшысы малшысының және 150 бас қойының жоғалғаны туралы арызданды. Оның айтуынша, далада қой бағып кеткен шопанды қойларымен таба алмағанына екінші күн болған. Ол бірінші күні өз бетінше іздеуге кіріскен, алайда бұдан нәтиже шықпаған соң полицияға хабарламақ болған.
Іздеуге 20 адам – полиция, төтенше жағдайлар бөлімінің және аудан әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ 5 бірлік автокөлік пен дрон тартылған. Арқалықтар, жыралар мен орман белдеулері зерттелді.
7 желтоқсан күні кешке полиция қызметкерлері шаруа қожалығынан 25 шақырым қашықтықта қойларды шаруашылыққа қарай айдап бара жатқан шопанды тапты.
Полицейлер оны жылытып, қожалыққа аман-есен жеткізді. Шопанның айтуынша, оны түрлі ауа райында далада жиі болатыны және суыққа бейімделгені құтқарған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!