Ақтөбе облысында шетелдіктер отырған автобус аударылып қалды: 5 адам мерт болды

Ақтөбе облысында шетелдіктер отырған автобус жол апатына ұшырап, салдарынан 5 адам мерт болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

7 желтоқсанда сағат 08:40 шамасында республикалық маңызы бар  Самара-Шымкент тасжолының 1024-шақырымында автобус аударылған.

"Алдын ала мәлімет бойынша автобус жүргізушісі Самара-Шымкент тасжолымен Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысына қарай келе жатып, Әйтекеби ауданына қарасты Ұлғайсын ауылының маңында оң жаққа аударылып кеткен", - деді Ақтөбе облысы ПД өкілі.

Автобус салонында Пермь-Ташкент бағытында жол жүрген Өзбекстан Республикасының 49 азаматы болған.

"Жол апаты салдарынан 5 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, 11 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазір жол апатының себебі анықталып жатыр", - деді полиция.

Еске салайық, 23 қазанда Самара-Шымкент тасжолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен ГАЗель соқтығысты. Жантүршігерлік жол апатынан 12 адам қаза тапты. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!