Ақтөбе облысында Республика күні қарсаңында алғаш рет жаңа оңалту орталығы ашылды

Ақтөбеде ашылған мекеме жыл сайын 125 ерекше баланы ақысыз қабылдайды. Нысан заман талабына сай озық құрал-жабдықтармен қамтылған.

Аутизм және басқа да ой-сана кінәраттары бар балаларға арналған орталық күндіз қызмет етеді. Ол Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылы №171Б мекенжайында орналасқан.

Орталықты Республика күні қарсаңында Ақтөбе облысының әкімдігі, "Самұрық-Қазына" қоры "Қазақстан халқына" және "Қамқорлық" қорларымен бірлесе іске қосты.

"Міне, ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында, менталды бұзушылықтары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік мекеме ашып отырмыз. Облыста 18 жасқа дейінгі менталды бұзушылықтары бар 635 мүгедек бала есепте тұр. Бүгін ашылатын орталықтың мамандары балалар мен олардың отбасыларына нәтижелі көмек алуға жағдайлар жасайды. Жыл сайын 50-ден 100 балаға дейін кешенді қызметтер көрсетіледі", - деді өңір басшысы Асхат Шахаров.

"Қамқорлық" жаңа орталығы аутизммен ауыратын балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға бір жерде шоғырланған мамандар арқылы әдістемелік кешенді көмек алуға мүмкіндік береді.
Орталық 1,5-нан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды, тек білім беру сабақтары мен оңалту ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудың маңызды дағдыларын ұсынады. Мұнда оларға төсек жинау, қонақтарға дастарқан жаю, киім үтіктеу, ыдыс жуу, сонымен қатар тамақ әзірлеу секілді тұрмыстық дағдылардың негіздері үйретіледі. Бұл балалардың жан-жақты дамуы және тәуелсіз болуына көмектеседі.

Болашақта жасөспірімдер өздерін қамтамасыз ету үшін ағаш ұстасы, қыш және тігін шеберханаларында сабақтар қарастырылған. Сондай-ақ орталықта визуалды байланыс орнатуда қиындықтары бар балалар үшін робототерапия қолданылады, онда балалар роботтармен өзара қарым-қатынас жасауды үйренеді. Сонымен қатар леготерапия, робототехника, арт-терапия және музыкалық терапия сабақтары балалардың дамуына ғана емес, әлеуметтенуіне, қоғамға енуіне және толыққанды өмір сүруіне септігін тигізеді.
"Ерекше бала асырап отырған әр ата-ана үшін бұл орталықтардың маңызы зор. Біздің мақсатымыз - елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету", - деді "Самұрық-Қазына" АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Айтып өтейік, бұл орталықтан бөлек, "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялары тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - Samruk-Kazyna Trust қорының қаржыландыруымен оңалту және ерте араласу орталықтары жұмыс істеп, әрқайсысы жылына 600 баланы қамтуда.

Бүгінде 1994 бала қабылданып, 153-і тәй-тәй басып, алғашқы қадамын басса, ал 331-і алғашқы сөзін айтты.

Ақтөбе облысы әкімдігі ұсынған материал

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!