Ақтөбе облысында өткен жылы жарты тоннаға жуық есірткі тәркіленді

Ақтөбе облысында өткен жылы жарты тоннаға жуық есірткі тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Өткен жылы Ақтөбе облысының аумағында 279 есірткі саласындағы құқықбұзушылық анықталды, оның 136-сы - қылмыс, ал 143-і - есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық теріс қылықтар.

Жедел іс-шаралар барысында 450 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Тәркіленген есірткінің ең көп үлесін құраған марихуана болды, оның жалпы салмағы 320 келіден асты, сонымен қатар 8 келіге жуық гашиш және 9 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. 2024 жылдың басында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтөбе қаласында жедел іс-шаралар барысында көрші облыстың тұрғынынан 10 келіден астам марихуана есірткісін тәркіледі.

Сот оны қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге 10 жылға бас бостандығынан айырды. Күзде гараж кооперативінде орналасқан синтетикалық есірткі өндірісінің жасырын зертханасы анықталды. Зертханадан 3 келіден астам мефедрон алынды. Бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Сонымен қатар есірткі мен психотроптық заттардың таралу арналарын, соның ішінде есірткі заттарын сату үшін пайдаланылған интернет-сайттар мен QR-кодтарды анықтау мен бұғаттау бойынша жұмыс жанданды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!