Ақтөбе облысында оқушылар жабылып алып сыныптасын тепкілеп тастаған

Ақтөбе облысында оқушылар жабылып алып сыныптасын тепкілеп тастаған
Фото: depositphotos.com

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары сыныптасын жабылып тепкілеп тастады. Ауыр соққыдан 13 жастағы баланың жыныс мүшесі зақымданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

"Балам "мама, ертең мені жүргізбейді олар. Мен ертең жүре алмаймын. Мектепте оқи алмаймын. Барғым келмейді ол мектепке" дейді. Соншама менің баламды аяусыз соққыға алатындай олар кім?! Мен анасымын. Баламды толық емдеңіздер!" - деді баланың анасы Гауһар Мұқанова.

Қатарластарынан жәбір көрген баланың енді білім ошағының табалдырығын аттағысы жоқ. Оқиға Темір ауданындағы Шұбарши ауылындағы орта мектепте болған. Үзіліс кезінде төрт оқушы бір баланы жабылып ұрған. Тепкінің астына алып, қуығы мен жұмыртқасын жарып жіберіпті. Қазір оқушы облыстық ауруханада ем алып жатыр. Жағдайы орташа ауыр. Тәртіп сақшылары бұзақылар 12-13 жаста болғандықтан еш жауапқа тарта алмаймыз дейді. Тек есепке ғана алыпты. Ал, ата-аналарына айыппұл салынған.

"Темір ауданының полиция бөлімінде тіркеліп, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Оқиғаға қатысушылардың жасы — 12-13 жаста. Балаларды тиісінше тәрбиелемегені үшін олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, бұл жағдай бойынша жиналған материалдар аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды", - деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті өкілдері. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget