- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Итті жарақаттаған оқушы
Ақтөбе облысында оқушы итті аяусыз пышақтаған
Ақтөбе облысында мектеп оқушысы итті қатыгездікпен пышақтаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мессенджерлерде оқиғаның видеосы тарап кетті. Кадрларда жасөспірім далада иттің басына, денесіне пышақ сұққаны көрінеді. Кейін ол итті тепкені, ал видеоның аяғында ит қансырап жатқаны да байқалады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Темір ауданында болған.
"Әлеуметтік желіге талдау жүргізу барысында бала итті қорлап, пышақ сұққан бейнежазба анықталды. Тексеріс барысында оқиға биыл мамырда Темір ауданында болғаны және жануарға қатыгездік танытқан 9-сынып оқушысы екені анықталды", - деп жазылған полиция хабарламасында.
Оқушы ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр.
Полиция бұл оқиға аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында баланың ата-анасының қатысуымен қаралатынын хабарлады.
"Жасөспірім полицияның есебіне қойылады. Қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр", - деп жазылған облыстық полиция департаментінің жауабында.
Жасөспірім оқитын мектеп директоры оқушымен мамандар жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Кәмшат Қопаева
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz