Ақтөбе облысында мемлекеттік бағдарламамен салынған үйден пәтер алғандар үйінді астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр. Себебі Қобда ауылында осыдан үш-төрт жыл бұрын салынған жаңа ғимараттардың іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Кейбір тұрғындар шаңырақтарында тұрудан шошынып, жақындарының үйін жағалап жүр. Қобда ауылындағы қос қабатты тоғыз үйден тұратын кешен осыдан үш-төрт жыл бұрын қолданысқа берілген. Пәтер кезегінде тұрған мүгедек жандар, көпбалалы отбасылар мен бюджет мекеме қызметкерлері осында қоныстанды. Сыртынан қарасаң, ғимараттардың бәрі бүтін. Ал құрылыс сапасының қандай екенін тек ішіне кіргенде көресің. Шөккен іргетастың кесірінен қабырғалардың сөгітіліп жатыр.
Әсел Жиеналина бес баласымен жарты жылдан бері жақындарының үйінде тұрып жатыр. Мұнда тұру қауіпті деген соң, уақытша көшіп кеткен. Әкімдік жалға берген екі бөлмелі пәтерінің қабырғасы жарылып, едені шөгіпті. Әсел Жиеналина: -
"Мен жарты жылдан бері апамның үйінде тұрып жатырмын, бес баламмен. Мына үйді істейміз деп әлі жүр, істей алмай. Былтыр да солай көштім. Екінші рет көшіп жатырмын. Дүнием қалған, жатыр, бұзылып", - дейді ол.
Қазір тоғыз үйде алпыстан аса шаңырақ тұрып жатыр.
"Сапасы жоқ, дымы жоқ. Жылайсың да отырасың. Мен де адам сияқты тұрғым келеді. Мен де люстра ілгім келеді. Диван, шифоньер. Не қуаныш маған, а? Бір аяғым төрде, бір аяғым көрде. Келіп едім, қуанып, үй алдым деп. Не болды мынау?" - дейді тағы бір тұрғын Жұма Әбдіқадырова.
Бұл үйлер қазір аудан әкімдігінің балансында. Тұрғындар жеңілдікпен тұрып жатқандықтан, жалға алғаны үшін айына 6-10 мың теңге арасында ақы төлейді. Әкімдіктегілер ғимаратта тұруға еш қауіп жоқ екенін жеткізіп отыр. Тек жарылған жерлерін бір айда сылап, іргетасын бекітеді екен.
"Бұл мәселені білеміз. Осыған байланысты комиссия құрылды. Қазір жұмысы жүріп жатыр. Осы айдың соңына дейін толық бітіреміз", - дейді Қобда ауданы әкімінің орынбасары Қанат Мыңбаев.
Мемлекет меншігіндегі үй болғандықтан, оны күтіп ұстау әкімдіктің құзырында. Бірақ биыл бюджеттен ақша бөлінбепті. Сондықтан шенеуніктер демеушілерге алақан жайып отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз