Ақтөбе облысында қылмыстық топтан 2 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді

Ақтөбе облысында қылмыстық топтан 2 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді
Фото: ҚМА

ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті міндетті төлемнен жалтару мақсатында жүк көліктерін заңсыз есепке қоюмен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Топ мүшелері Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында N3 санатындағы (жүк тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл көліктер) 82 көлікті заңсыз тіркеген. Құрамында 9 адам болған, олардың арасында автоинспектор мен нотариус та бар.

Клиенттер мессенджерлер мен интернет ресурстар арқылы табылып, міндетті төлемсіз жүк көлігін тіркеу қызметі ұсынылған. Келісім жасалғаннан кейін ұйымдастырушы көлік туралы мәліметті ішкі істер органдарының қызметкеріне беріп, ұқсас техникалық сипаттамалары бар, бұрын есептен шығарылған көліктерді іріктеткен. Одан кейін топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар рәсімдеп, жалған тұлғаларды тартып, құжаттарды арнаулы ХҚКО арқылы өткізіп, заңсыз тіркеген.

Мемлекетке келтірілген жалпы залал - 705 млн теңге. Сот санкциясымен күдіктілердің 2,4 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды.

Бес күдікті қамауға алынып, үшеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget