Ақтөбе облысында кәріз суын соратын бекетте екі жұмысшы тұншығып өлді. Оларды құдықтан шығаруға барған тағы екі жұмысшы есінен танып, ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға Ембі қаласында болды. Бұл кентте бес кәріз сорғысы бекеті бар. Соның бірін жөндеуге барған жұмысшы сыртқа шықпай қалған. Артынан марқұмның 58 жастағы әріптесі кіреді. Бірақ екеуі де иіске уланып, тіл тартпай кеткен. Кейін кәріз бекетіндегі есінен танғандарға жәрдем бермекші болған 46 және 53 жастағы жұмысшылар да ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы қазір тұрақты дейді дәрігерлер.
"Кәріз жүйесіне жөндеу жүргізіп жатқан 1966 жылғы екі азамат қаза болды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Мекеме тарапынан қаза болған жұмысшылардың отбасына материалдық-моральдық көмек көрсетілетін хабарлай отырып, отбасына қайғырып көңіл айтамыз", - дейді "Ембі жылу" КМК бас инженері Алтынбек Манабаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!