- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысында қабырғалары...
Ақтөбе облысында қабырғалары қақыраған мектепте оқушылар білім алып жатыр
Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылындағы орта мектеп апат жағдайында тұр. Ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеңқияқ ауылындағы 1300 бала оқитын орта мектептің қабырғалары опырылып тұр. Бұл туралы әлеуметтік желіде видеолар тарады. Ғимараттың қабырғалары жарылып, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Тіпті төбелеріне дейін жарылған. Дәретхана қабырғалары да шытынап кеткен.
Бұл мәселелерді қоғам белсендісі Ардақ Құбашева Instagram-парақшасында жазды. Мектеп 2012 жылы салынған. Алайда бір жарым жылдан кейін қабырғалары сыр бере бастаған.
"Асхана құлады, кеше енді асханаға қарама-қарсы қабырғалар, дәретхана қабырғалары жарылып жатыр. Ғимарат сапасыз салынған және орналасқан жері де жақсы емес. Бұл жер батпақ болғандықтан кеңес дәуірінде құрылыс жүргізуге рұқсат берілмеген. Енді, міне, сапасыз салынған құрылыстың кесірінен ата-аналар мектепке балаларын апаруға қорқады. Ауылда 8 мыңдай халық бар. Жаңа мектеп керек", - дейді Ардақ Құбашева.
Бұл мәселе жөнінде мектеп директоры Зәмзагүл Бітеналинаға хабарластық.
"7 наурызда таңертең ғимараттың бір қабырғасы жарылып, құлаудың аз-ақ алдында тұрғаны туралы хабар келді. Сол бойда ол бөлікке ешкімді жіберген жоқпыз. Кезекші қойдық. Жұмысқа келген бойда аудандық білім бөліміне хабар бердім. 7 наурыз мерекенің алды болғасын, тәрбие сағаттары жоспарланғандықтан балалардың оқуын бұзуға әрекет жасамадым. Ал ертеңгі күні, яғни демалыста құлағалы тұрған қабырғаны жұмысшылар қауіпсіздік үшін бұзып тастайды. Оқушыларға да қызметшілерге қауіп төнген жоқ", - деді мектеп директоры.
Осы жағдайдан кейін облыстық білім басқармасынан арнайы комиссия келген. Ғимараттың ішін аралап көрген. Бір апта зерделеу жұмысы жүреді. Содан кейін шешім шығады. Ал қазір балалар мектепте оқып жатыр. Құлаған бөлік жауып тасталған, яғни ол жерден оқушылар өтпейді.
"Егер оқушыларға қауіп төніп тұрса, айтамыз, ондай кезде баланы мектепке жібермейміз. Ал қазір ондай қауіп төніп тұрған жоқ. Ата-аналар келіп, көрді. Көктемгі каникулға бір апта қалды. Соған дейін амалдаймыз. Бір аптадан кейін коммисияның да шешімі шығады. Содан кейін қалай болатыны белгілі болады", - деді мектеп директоры.
Кеңкияқ ауылында бала саны көп. Зәмзагүл Бітеналина ауылдан тағы бір жаңа мектеп салу жоспарда тұрғанын айтты.
К.Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz