Ақтөбе облысында жүкті болған мектеп оқушысының ісіне қатысты тергеу басталды. 10-сынып оқушысы 20 жастағы жігітпен жыныстық қатынаста болған. Қарым-қатынас өзара келісіммен жүрсе де, қыздың жасына байланысты заң бойынша бұл - қылмыс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
"Кәмелетке толмаған қыздың жүктілігі дерегі бойынша облыстың бір елді мекенінде қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бала құқығын қорғау басқармасы өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр", деді Ақтөбе облысы бала құқығын қорғау басқармасының басшысы Әліби Латып.
Оқиға Темір ауданындағы ауылдардың бірінде болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыз толық отбасынан шыққан, жүктілік мерзімі ерте кезеңде. Ресми органдар кәмелетке толмаған қызға зиян келтірмеу үшін елді мекеннің атауын жарияламауды сұрайды және қосымша мәлімет бермей отыр.
Аудан әкімдігінде қажет болған жағдайда оқушыға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілетіні айтылды. Бұл өңірде мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Былтыр күзде Ойыл ауданында 14 жастағы мектеп оқушысы өгей атасынан босанған болатын. 64 жастағы ер адам бұл қылмысы үшін 21 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!