Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында жолды су басты. Соның салдарынан бір ауылда қатынас үзілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұғалжар ауданында Жем өзенінің арнасында мұз кептелісі пайда болды. Соның салдарынан Қожасай- Жаңабұлақ көлік жолын су басты. Қазіргі уақытта Қожасай ауылында аудан орталығымен қатынас тоқтады. Электр желісі істен шыққан, жарық жоқ.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігіне хабарластық.
"Жем өзеніндегі мұз кептелісіне байланысты Қожасай-Жағабұлақ жолының 4-шақырымын су басты. Қатынас уақытша тоқтап тұр. Жеңіл көліктер өте алмайды. Жол талғамайтын көліктер, арнайы техникалар ғана жүріп жатыр. Ауылға қауіп төніп тұрған жоқ. Су деңгейі түскен кезде жол қалпына келтіріледі. Ал электр энергиясының сөнуіне байланысты Мұғалжар аудандық электр желісі және "Қазақойл-Ақтөбе" ЖШС-інің мамандарымен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ауыл маңындағы көпір бұзылған жоқ", - деді аудан әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағанбетов.
Аудан әкімінің орынбасары өзі де сол ауылда жүргенін, аудандық жедел штаб тобы және төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары оқиға орнында жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді. Ахуал аудан әкімдігінің бақылауында екенін айтты.
Кәмшат Қопаева
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!