Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара-Шымкент тасжолында шетел азаматтарын әкеле жатқан жолаушылар автобусы бұзылып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖМ қызметкерлері ақаулы автобустан жақын маңдағы Ырғыз ауылының жылыту пунктіне 52 жолаушыны, оның ішінде 1 баланы эвакуациялады.
"Өзбекстан Республикасының азаматтары және Тәжікстан Республикасының 6 азаматы бар жолаушылар осы сәтте басқа автобуспен баратын жеріне кетті. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж емес", - делінген хабарламада.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар жолаушылары бар екі көлікті қардан шығарып алған. Бұл өңірде ауа райының нашарлауына және қалың қардың түсуіне байланысты көліктер жолдарын жалғастыра алмай жатыр.
"Уәлиханов ауданында қар құрсауында дала жолында қалып қойған жеңіл көлік жолға шығарылып, көлік салонында болған 5 адам құтқарылса, Есіл ауданында жеңіл көлік жүргізушісі рөлді басқара алмай, жол жиегіне түсіп кеткен. Бұл жолы көлік арқан арқылы жолға сүйретіліп, 3 адам құтқарылды", - делінген хабарламада.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!