Ақтөбе облысында бүтін бір ауыл жылусыз отыр. Әлімбет елдімекеніне жазда газ тартылады деп үміттенген тұрғындар көмір пешін бұзып тастаған. Тіпті жылдағыдай отын жинап, көмір де түсірмепті. Бірақ уәде етілген көгілдір отын әлі жоқ. Ал өңірде қар жауып күн суытты. Жергілікті әкімдіктегілер от жағатын пешті ерте бұздыңдар деп, бар кінәні тоңып отырған халықтың өзіне артып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Үш жүзге жуық түтіні бар Әлімбет ауылына көктемде газ құбыры тартыла бастады. Күзге жетпей көгілдір отын тұтынамыз деген жұрт үйіндегі пешін бұзып, қысқы отындарын дайындамапты. Шенеуніктер де қар түспей газбен жылынасыңдар деп дәмелендірген. Бірақ уәде уақтылы орындалмай, әлімбеттіктер енді тоңып отыр.
Сисенбай Жұмабаев: - Құбырды ешкім тексермеді. Аяз түсті. Су қатып жатыр. Жылытқыш қосып қойдық. Келінім пешті алып тастаған. Мал басын үйітетін баллон кіргізіп жылынып отыр. Немересі бар.
Гүлзада Орынбаева: - Бізге газ керек. Тоңып отырмыз. Кішкентай балалар бар. Мен зейнеттемін. Көмір де алмадық, газ кіреді деп. Тоңып отырмыз. Бір бөлмеде жылытқыш қосып отырмыз.
Бұл ауылға газ тарту үшін бюджеттен 1миллиард 200 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Басында жұмыс қызу жүргенімен, жаз аяғында тұралап қалыпты. Әкімдіктегілер бұл жобаның аяқталу кезеңі қарашаның соңы еді дейді. Сондықтан пешін ерте бұзған ауылдастарын кінәлауда.
"Биыл пешті бұзбай тұра тұрындар, мүмкіндік болса" деп айттық. Газ деген әр түрлі келеді. Олар тапсыратын еді. Тамызда бір ай материалдан проблема болды", - дейді Әлімбет ауыл округінің әкімі Мейрамбек Мысаев.
Әлімбет пен Ащысай ауылы арасындағы газ құбырынан ақау шыққан. "Соның кесірінен көгілдір отынды жібере алмай отырмыз" деп ақталады жобаға жауапты басқармадағылар.
"Газ құбырында ақау пайда болған. Аудандық газ қызметінің адамдары соны жөндеп жатыр. Кемшіліктер жойылып жатыр. Барлығы толық жөнделген соң газ беріледі", - дейді Ақтөбе облысы энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.
Шенеуніктер тұрғындардан екі апта уақыт сұрап отыр. Қарашаның алғашқы жетісінде үйі газбен жылынады деп уәде берді. Ал ауылда қар жауып, суық жел өңмеңнен өтеді. Тізесі жылынбаған жұрт шенеуніктердің уәдесін күтуден басқа амалымыз жоқ дейді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз