Ақтөбе облысы Алға қаласында электр станциясынан өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін таңертең сағат 8.40 шамасында Алғадағы Айымбетов көшесінде "Энергосистема" ЖШС-нің трансформаторынан өрт шыққан. Ал бұл станция Алға қаласы мен 7 ауылдық округке жарық береді. Апат салдарынан 4 686 тұрғын үй жарықсыз қалды.
Оқиға орнына құтқарушылар 10 минутта жеткен. Алайда тілсіз жау 50 шаршы метр жерді қамтып үлгерген. Қызыл жалын 10 сағатта сөндірілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Зардап шеккендер жоқ.
Мәселенің анық-қанығын аудан әкімінің орынбасары Арман Бошановтан білдік. Оның айтуынша, қазір аудан мен облыс орталығынан келген мамандар жұмыс істеп жатыр.
"Жарық сөнген бойда қосымша генераторлар іске қосылды. Қала мен елді мекендердегі әлеуметтік нысандардағы қазандықтарға қуат берілді. Жылу жүйесі қатып қалмауы үшін уақытша қосып отырмыз. Ал бір сағат ішінде толық беріледі", - деді Арман Бошанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!