- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысында экстремистік...
Ақтөбе облысында экстремистік діни кітапты тасымалдаған қырғызстандық жазаланды
Ақтөбе облысында тыйым салынған діни кітапты сақтаған, тасымалдаған қырғызстандық жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбе облысының Мәртөк аудандық сотында Қырғыз Республикасының азаматына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.
"Ол шекаралық бақылаудан өткен кезінде сот шешімімен экстремистік деп танылған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салынған діни кітапты көлігінде сақтаған және тасымалдаған. Осылайша ӘҚБтК-нің 453-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасаған", - деп жазылған Жоғарғы сот мәліметінде.
Құқықбұзушының айтуынша, бұл кітапты Бішкек қаласынан сатып алған, оның Қазақстан Республикасында экстремистік деп танылғанын білмеген. Қырғызстандық кінәсін толық мойындаған.
ӘҚБтК-нің 453-бабы 4-бөлігінің санкциясы бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза көзделеді, яғни 100 АЕК, бұл - 369 мың теңге, сонымен қатар, өнім тәркіленеді. Сот құқықбұзушыны кінәлі деп танып, өнімді тәркілеп, 369 мың теңге айыппұл салды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова