Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылында екібасты бұзау туды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұра ауылында Қайсар есімді тұрғынның сиыры осыдан екі күн бұрын екібасты бұзау туған. Тұрғынның айтуынша, бұзаудың екі басы, төрт көзі, екі ауызы бар.
"Бұзау туғаннан кейін бір күннен кейін өліп қалды. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Таңғалғанымыз рас. Бірақ үрейленіп, қорыққанымыз жоқ", - дейді Қайсар.
Ал Нұра ауылдық округі ветеринария бөлімшенің меңгерушісі Өтеген Әмір екі басты бұзауды көрмеген. Аудан орталығында жүргенде оған малдың иесі хабарласып айтқан. Суретін жіберген.
"Мал иесінің айтуы бойынша, бұзауды бауыздап тастаған. Бірінші рет көргесін шошып кеткен болар. Бұзау аяққа тұра алмайды, яғни басы басып кетіп тұрғанын айтты. Өзім мұндай жағдайды бірінші рет көрдім әрі ауылда да бірінші рет болып тұр. Мұның нақты себебі белгісіз. Экологияның бұзылуы немесе сиырдың денесінде ақау болуы мүмкін. Қан сараптамасын алған жоқпыз. Мұндай жағдай шет елдерде кездесіп жатады. Қазір ештеңеге таңғалуға болмайды. Тіпті адамдардың арасында да осындай оқиғалар тіркеліп жатады", - дейді меңгеруші.
К. Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!