- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысында cегіз...
Ақтөбе облысында cегіз адам мерт болған жолда тағы екі жанның өмірі қиылды
Ақтөбе облысында 8 адам мерт болған жантүршігерлік жол апатынан соң, бүгін тура сол жолда тағы екі адамның өмірі қиылды. Бұл жолы да минивенмен жүк көлігі бетпе бет соғылған. Екі адам оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ауыр жарақат алған әйел ұл-қызымен ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Мектеп оқушылары тапқан қайғылы оқиғадан ес жиып үлгермеген ақтөбеліктерге қала маңында қас-қарая болған дәл сондай жол апаты төбеден жай түсіргендей болды. Бұл жолы да Бекқұл баба ауылы маңында минивен жүк көлігімен бетпе-бет келген. Жүргізуші мен жолаушы сол жерде қаза тапты
"Бұл жерде DАF жүк автокөлігінің жүргізушісі Хромтау қаласынан Ақтөбе қаласы бағытында Батыс жер кемпингтің жанында "Тойота" автокөлікгімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар қажетті сараптамалар тағайындалды", - деді Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.
Минивенге соққының қатты болғаны сонша, құтқарушылар екі адамның денесін мыжылған салоннан әзер алып шыққан. Көлікте олардан басқа 12 жастағы қызы мен 17 жастағы ұлы бар әйел болған екен. Аяқ-қолы сынып, түрлі дене жарақатын алған үшеуі де ауруханаға жеткізілді. Балалар жансақтау бөлімінде жатыр.
"Балалар ауруханаға өте ауыр жағдайда түсті. Екеуінде де түрлі дене жарақаты бар. Аяқ-қолы, қабырғалары сынып, миы шайқалған. Жағдайы әлі ауыр", - деді Ақтөбе облысы көпбейінді балалар ауруханасының реаниматологы Гүлжамал Абдуллаева.
Қайғылы оқиғада кімнің кінәлі екенін тергеу анықтап жатыр. Жүк көлігінің жүргізушісі тек жеңіл жарақат алыпты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан