Ақтөбе облысы Алға ауданында шаруалар ірі қара белгісіз аурудан өліп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Айтуларынша, қорада тұрған сап-сау сиыр 7-8 сағаттың ішінде өліп қалып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайрат Тоқсанбаевтың бір аптаның ішінде 11 сиыры мен 13 бұзауы өлген. Айтуынша, ауру ешқандай белгі бермейді.
"Сап-сау жүрген сиыр 7-8 сағаттың ішінде шөп жемей қалады да бірден өледі. Алғашқы кезде көп малдың ішінде өлім болады ғой деп мән бермедім. Бірақ екінші күні де сиырларым өле бастады. Содан мал дәрігерін шақырттым", - дейді Қайрат Тоқсанбаев.
Өлген малдың қаны мен етін алған ветеринарлар алдын ала болжам бойынша, шөптен улануы мүмкін екенін айтқан. Алайда қожалық басшысы бұлай болуы мүмкін емес деп отыр. Себебі осыдан үш жыл бұрын өңірде аусыл ауруы тараған кезде, мал жайылатын 250 гектар жерді қоршап алған. Осы уақыт ішінде бұлай бірде бір малы өлмеген көрінеді. Ал бұл оқиға осы аумақтағы өзге шаруа қожалықтарын да алаңдатып отыр. Олар ветеринария саласына көңілдері толмайтынын айтты.
"Ақтөбе облысында жеке де мемлекеттік те зертханалар осындай кезде көмек бере алмайды. Себебі ветеринарлық қызмет көрсету саласына мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Қазіргі таңда малдың бұлай өліп жатқанынының бір себебі - алғашқы көмектің көрсетілмеуі. Егер уақытында бірінші көмек берілсе, бұлай қырылмас еді. Мемлекеттік лабараторияның анық айтатынына сенбейміз", - деді шаруа қожалығының басшысы Марлен Баймағамбетов.
Осылай деген шаруа қожалық басшылары өлген малдың қанын Орал қаласындағы жеке зертханаға тексертіп жатқандарын айтты. Ал облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, өлген малдардың қанынан сынама алынып, залалсыздандыру жұмысы жүргізілген. Нақты димагноз зертхана қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
"Біздің ветеринар мамандар уақытында Алға ауданына барып, өлген малдан сынама алды. Оны облыстық ветеринарлық зертханаға жіберді. Яғни диагнозды нақтылау үшін. Бұл арада алдын ала қойылған диагноз - шөптен улану. Қазір жаңбырдың уақыты неше түрлі шөптер шығып жатыр, содан уланған деп алдын ала диагноз қойылды. Содан кейін біздің ветринар мамандар жайылып жатқан малдың жайлымын өзгертті. Яғни қарама қарсы бағытқа жайылуға ұсыныс берді", - деді Ақтөбе облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов.
Сондай-ақ басқарма өкілі мал уланған жағдайда өтемақы төленбейтінін айтты.
Кәмшат Қопаева
Ақтөбе облысы
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!