Ақтөбе облысы Қобда ауылында су тасқынынан опырылған үйлердің орнына жаңа үйлер салына бастады. Қазір іргетасы қаланып, құрылыс қызу жүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қобдада су тасқынынан 101 үй бүлінген. Оның ішінде тұруға мүлде жарамсыз болып қалған үйлер бар. Аудан әкімінің орынбасары Ізгілік Тынымгереевтің айтуынша, қазір тәуелсіз бағалаушылар жұмыс істеп жатыр.
"Тәуелсіз бағалаушлар жауапкершілікті алғаннан кейін жан-жақты қарайды. Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап әр үйді жеке аралап шықты. Олар жұмыстарын толық аяқтап, шығын көлемін айтқаннан кейін әрбір тұрғынға қаражат төленеді. Зардап шеккен отбасылардың барлығына көмек көрсетіледі", - деді аудан әкімінің орынбасары.
Ауылда баспанасы су астында қалған тұрғындар үшін 24 үй салынады. Оның біреуі 18 пәтерлі болса, алты үй екі пәтерлі. Яғни 30 отбасы баспаналы болады. Бұл үйлерге баспанасы мүлде жарамсыз болып қалған тұрғындар орналасады.
"Құрылыс жұмыстарын екі ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Маусымның алғашқы он күндігінде үйлер тапсырылады. Заң бойынша үйлер мемлекет қаражатына салынып жатыр. Тұрғындардың атына аударылады", - деді Ізгілік Тынымгереев.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!