Ақтөбе облысында балық аулауға шыққан екі ер адам із-түзсіз жоғалып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
53 жастағы Владимир Курдюков пен 21 жастағы Михаил Дуля 14 желтоқсанда балық аулауға шыққан, содан бері олардан хабар жоқ. Туыстары көмек сұрап, іздеуге жәрдемдесуді өтінді.
"Күйеуім әріптесімен бірге 14 желтоқсанда, сенбі күні таңғы сағат 4-те балық аулауға кеткен. Олар Шұбарқұдық арқылы Ойыл өзеніне бармақ болған. Кешке қайтып келуі керек еді, бірақ оралмады. Байланысқа шықпай жатыр. Олар ішімдік ішпейтін, зиянды әдеттері жоқ. Мен ТЖМ-ге хабарластым, полицияға және еріктілерге арыз жаздым. Олар "Нива" көлігімен жүрген, мемлекеттік нөмірі 142 АВV 04 (аймақ). Егер бір нәрсе білсеңіз, көмектесіңіздерші! 102 нөміріне қоңырау шалуды сұраймыз", - деді жоғалғандардың бірінің жары Наталья.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жылқы айдауға шығып, жоғалып кеткен ер адам табылғаны хабарланған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!