Ақтөбе облысында полицейлер Ауғанстан азаматтары тиісті құжатсыз жүргенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Патрульдік полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, Қарабұтақ кенті аумағында Самара-Шымкент тасжолында шетелдіктер тізгіндеген үш автокөлікті тоқтатты.
Құжаттарды тексеру кезінде Ауғанстан Республикасының 15 азаматы көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды.
"Тексеріс барысында жеті шетелдіктің виза мерзімі өтіп кеткені, ал бесеуінің төлқұжаттары болмағаны анықталды. Полиция қызметкерлері шетелдіктерді Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына мән-жайды анықтау үшін жеткізді", - деп жазылған хабарламада.
Алдын ала ақпарат бойынша 11 шетелдік - елордалық жоғары оқу орындарының бірінің студенттері, ал қалғандары елге жұмыс визасымен келген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!