Ақтөбе облысы Қобда ауданының орталығы суға кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кешеден бері аудан орталығының тұрғындары әбігерге түсті. Орталықтың батыс бөлігіндегі көшелер суға толып, тұрғын үйлерге су кірді. Еріген қар суы сол маңдағы денешынықтыру-сауықтыру орталығы мен мектепке дейін кірді. Тұрғындар көшеде су кешіп жүр. Тасқын судың видеосы әлеуметтік желіге тарады. Онда тіпті тұрғындар көшедегі суға жүзіп жүр. Орталыққа кіретін тас жолды су шайып кеткен.
Аудан әкімі Болат Құловқа хабарласып, өңірдегі ахуалды білдік.
"Күн күрт еріп, қырдағы қар суы аудан орталығына дейін кіріп, қауіп төндірді. Қазір Орал-Ақтөбе тасжолында көлік қозғалысы тоқтатылды. Батыс бөліктегі 20 үйге су кірді. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірдік. Кеше түнде аудандық аурухананың бір бөлігіне 24 адамды орналастырдық. Қазір жағдай бақылауда", - деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, 85 ірі қара, 330 ұсақ мал да қауіпсіз аймаққа шығарылған. Аудан әкімінің айтуынша, қазір аумақта су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары жұмылдырылған.
Тасқыннан зардап шеккендер жоқ.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!