Ақтөбе облысында жарты миллион теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға Ақтөбе тұрғыны бопсалау дерегі туралы арызданды. Тергеп-тексеру барысында аудандардың бірінде жәбірленушінің көлігі бұзылған кезде оған белгісіз адамдар келіп қорқытып, ұрып-соғу арқылы ақша талап еткені анықталды. Күдіктілер автокөліктен арнайы киімнің 13 жиынтығын алып кетіп, оларды қайтару үшін 500 мың теңге талап еткен.
Арнайы бөлімше жауынгерлерінің қатысуымен жедел іс-шараларды өткізу барысында Ақтөбе облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Хромтау қаласының бес тұрғынын анықтап, ұстады. Заттай айғақтар тәркіленді.
Бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!