- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысында әкімдік...
Ақтөбе облысында әкімдік қызметкері мемлекетке 14 миллион теңге зиян келтірген
Ақтөбе облысы Темір ауданында ауылдық округ әкімдігінің қызметкері ірі мөлшерде мемлекетке зиян келтірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Темір аудандық соты ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айыппен Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Бас маман 2020 жылғы 17 сәуірден 2022 жылғы қазанға дейінгі кезеңде өзінің қызметтік бабын пайдаланып, округ әкімінің сеніп тапсырған электрон-цифрлық қолтаңбасын заңсыз қолданған.
Яғни әкімдік қызметкерлерінің еңбекақысы мен іс сапар шығындарын төлеуге бөлінген 3 258 517 теңге бюджет қаражатын жымқырған. 2022 жылғы қаңтар, желтоқсан аралығында Ақсай ауылдық округі әкімінің аппараты мен ЖШС арасында 27, жеке кәсіпкермен арада 4 мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарттарды заңсыз жасап, 11 529 000 тенге бюджет қаражатын жымқырған. Осылайша, бас маман мемлекетке ірі мөлшерде, яғни 14 787 517 теңге залал келтірген.
Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі қылмыстық іс бойынша дәлелдемелермен расталды.
Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған белгілі лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Темір аудандық соты мәліметінше, одан мемлекет пайдасына 14 787 517 теңге шығын өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz