Ақтөбе облысының Шалқар ауданында мектептің үш қызметкері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Тергеу дерегінше, олар 2021-2024 жылдары жалақыны негізсіз көбейтіп аудару арқылы мемлекетке 82 млн теңгеден астам шығын келтірген. Бұл туралы Ақтөбе облыстық прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Шалқар ауданының прокуратурасы бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығын талдау барысында мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеу түрінде 82 млн теңгеден астам қаражаттың жымқырылғанын анықтады.
Анықталғандай, "№5 мектеп-лицейі" КММ-нің бас бухгалтері басқа бухгалтерлермен бірге 2021-2024 жылдары директордың электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлерге жалақыны асыра есептеп аударуды ұйымдастырған. Қызметкерлер артық алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге берген.
Осы факті бойынша аудан прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеді.
Шалқар аудандық сотының үкімімен үш кінәлі тұлға сотталды. Бас бухгалтерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ал қалған екі сотталғанға 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп жазылған хабарламада.
Барлық сотталғандарға 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды.
Үкім заңды күшіне енді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай