Ақтөбе облысының прокурорлары бюджет қаражаты заңсыз жұмсалғанын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірде жол белгілерін салуға бөлінген бюджет қаражаты заңсыз жұмсалған.
"2023 жылы "Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы" КММ мен серіктестіктердің бірінің арасында Ақтөбе қаласының жолдарында жалпы сомасы 213,3 миллион теңгеге жол белгілерін орнату туралы шарт жасалған.
Шарт бойынша барлық жұмыс аяқталғаннан кейін орталық көрсетілген соманы толығымен төлеген", - деп жазылған хабарламада.
Шарттың талаптарына сәйкес 3 айдың кепілдік мерзімі ішінде серіктестік бүлінген жол белгілерін өз есебінен қалпына келтіруге міндетті.
"Алайда тексеру барысында кепіл мерзімі ішінде бұзылған белгілерді қалпына келтіргені үшін серіктестікке жалпы сомасы 45,5 миллион теңгеге бюджет қаражаты заңсыз аударылғаны анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Ақтөбе қаласының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 361-бабының 1-бөлігі (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады.
Қылмыстық іс соталды тергеп-тексеру жүргізу және процестік шешім қабылдау үшін Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз