- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысында 4...
Ақтөбе облысында 4 жасар бүлдіршін дәрігерлердің кесірінен мүгедек болып қалды
Бүлдіршіннің ата-анасы дәрігерлерді сотқа беріп, моральдық өтемақы ретінде 10 млн теңге талап еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
КТК арнасының мәліметінше, дәрігерлердің ота жасауға асықпауынан қатты күйік шалған бала бір ай қиналып, салдарынан 4 жасар бүлдіршін мүгедек боп қалған.
Өткен жаздың басында Балымның үстіне қазандағы қайнаған су төгіліп, бөксесі, жамбасы мен аяқтарын қатты күйіп қалған. Төрт жасар қызды көпсалалы балалар ауруханасына жатқызған. Анасының сөзінше, үш күндік жансақтау бөліміндегі терапиядан кейін өтуі тиіс ота жасалмай, бала бір ай бойы қиналады.
«Жалғыз комбустиолог еңбек демалысында болғандықтан, 24-не дейін шегереміз деді. Жұмысқа шыққан күні ота жасалуы тиіс еді. Бірақ терінің донорлық қақпақтарын кесетін «Дерматон» құрылғысы болмағандықтан, ота жасалмады», – деді Гүлдерай Гадилшина.
Бір ай бойы Балымның қасында анасы болған. Айтуынша, дәрілер мен таңғышты, жабысқақ гипске дейін өздері сатып алған. Жараны ауруханада қарапайым желдеткіштің көмегімен кептірген. Сот мұндай әрекетті негізсіз деп отыр.
«Ең сорақысы, дәрігерлер жараны таңғанда ауруды басатын дәрі бермеді. Анальгин де берілмеді. Менің адвокатым бұған «фашистік әрекеттер» деп баға берді. Мен дәрігерлерге сенім арттым. Протокол бойынша, балалардың күйік жарасын төрт күн сайын таңу кезінде наркоз пайдаланылады екен», - деді бүлдіршіннің анасы.
Шыдамдары таусылған баланың ата-анасы жақын жердегі Оренбург қаласына барған. Ота уақытын күтіп жүрген аралықта баланың ауруы асқынып кеткен. Ота сәтті өтсе де, Балым аяғынан тұра алмаған. Мүгедектік берілген. Бүлдіршіннің ата-анасы осының бәрі дәрігерлердің салғырттығынан деп сотқа жүгінген.
«Ата-анасының талап-арызы бойынша мемлекеттік ауруханалардың біріне моральдық зиянды өндіріп алу туралы азаматтық іс қаралды. Сапасыз көрсетілген қызметтердің салдарынан баланың бастан кешкен физикалық және моральдық азаптары ескеріліп, cот жауапкерден моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өндірді. Бірақ дәрігерлер мұндай ақшаны төлеуге дайын емес», - деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Айжамал Сүндет.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет