Ақтөбе облысында 20 тонна дәптер тиелген жүк көлігін өртеген тұрғын сотталды

Ақтөбе облысында 20 тонна дәптер тиелген жүк көлігін әдейі өртеген тұрғын алты жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жасы 60-тан асқан сотталушы кінәсін мойындамағанымен, судья қылмысқа барғанын айғақтайтын дәлелдер жеткілікті деп шешті.

Еске салайық, оқиға жарты жыл бұрын Ақтөбе облысы Мәртөк ауданына қарасты Жайсаң ауылында болған. Сотталушы аула жанында тұрған Mersedes-benz көлігіне қасқана от қойып, жүк машинасының түгі қалмай жанып кеткен. Сатуға апара жатқан 20 тонна дәптердің тек күлі қалды. Ал күдікті екі ай бойы бой тасалап, тәртіп сақшыларынан қашып жүрген. Жүк көлігінің жүргізушісі жолай Жайсаң ауылындағы танысының үйінде тынығып алуға аялдаған.

Өзі кәсіпкерге жалданып жұмыс істейді. Сотталушы от қоярда мас болған, бірақ кінәсін мойындамады. Ал көлігінен айырылған кәсіпкер күлге айналған дәптердің өзінен 12 миллион, жүк көлігі тіркемесімен 28 миллион шығынға баттым деп отыр. Енді 61 жастағы сотталушы осы қылмысы үшін алты жыл түрмеде отырады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!