Ақтөбе облысында "Авиажөндеу зауыты №406 ГА" АҚ-ның бұрынғы басшысына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдікті қызметтік өкілеттігін пайдаланып, әуе кемелерін жөндеуге арналған тауар-материал қорларын заңсыз есептен шығару схемасын ұйымдастырған. МИ-2 тікұшақтарына, АН-2 әуекемелеріне және қозғалтқыштарға арналған агрегаттар мен қосалқы бөлшектерді бақылауындағы компаниялар арқылы жалған сатып алу схемасын жасаған.
"Зауыт құжаттарында бұл агрегаттар қоймадан алынған және күрделі жөндеу кезінде авиациялық техникаға орнатылған деп көрсетілген, бірақ іс жүзінде қолданылмаған. Кейін олар пайдаланылғанын растайтын есептен шығару актілері бекітілген", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекетке келтірілген шығын - 110 млн теңге. Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі 2 пәтер мен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!