Халықаралық қарттар күніне орай ақтөбелік зейнеткерлер үшін мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құрметті қонақтарды мерекемен құттықтап, олардың әрқайсысының туған өлкенің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – аға буынды құрметтеу мен сыйлаудың белгісі. Сіздер біздің еліміздің өндірісін, өнеркәсібін, білім және денсаулық сақтау саласын дамыту үшін, әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңбек еттіңіздер. Көпшілігіңіз лайықты демалысқа шыққаннан кейін де белсенді қызметтеріңізді жалғастырып, тұрғындармен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін облыстық мәслихатта және Қоғамдық кеңесте көтеріп, жас ұрпақты тәрбиелеу ісімен айналысып келесіздер. Ардагерлер кеңестері жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, Президент Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге қатысып келеді. Біз халық арасында беделге ие ардагерлеріміздің жұмысын жоғары бағалаймыз. Сіздерге зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеймін», – деп облыс әкімі меймандарға жылы лебізін білдірді.
Мерекелік дастарқанға шақырылған зейнеткерлер бір-бірімен көріскендеріне қуанып, концерттік бағдарламаны тамашалады.
Ақтөбе облысында 100 мыңнан астам зейнеткер тұрады. 100 жастан асқан қарттардың саны жетеу болса, ең үлкені – 109 жаста. Егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін 9 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.
Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап ақтөбелік зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жол жүре алады.
Ақтөбе облысының әкімдігі ұсынған материал
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!