Ақтөбе облысында "100 бас жылқы ұрлады" деген айыппен 7 жылға сотталған 60 жастағы қария босап шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, аппеляциялық сотта оның мәселесі қайта қаралған. Биыл мамырда Мұғалжар аудандық соты оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, жәбірленуші тараптың 30 миллион теңге көлеміндегі азаматтық талабын да қанағаттандырған.
Алайда сотталушының қорғаушылары бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Нәтижесінде айыптау бабы өзгертіліп, іс қайта сараланған. Нәтижесінде Рахат Сәрсенов 100 емес, бір жылқының құны көлемінде материалдық шығын келтіргені белгілі болған.
Осылайша қарт жылқышы рақымшылыққа ілігіп, сот залында босатылған. 30 жылдан аса уақыт өзгенің малын бағып келген азамат бостандыққа шыққан сәтте көз жасына ерік берген.
Бұл көрініс көпшіліктің жүрегін елжіретіп, желіде қызу талқыланды.
Журналист Руслан Өтепбай жылқышының ісіне қатысты Ақтөбеге аттанған. Оның сөзінше, қарияның денсаулығы сыр берген, 2025 жылы инсульт алған.
"Осы денсаулығымен 2 ай 2 күн изоляторға отырып шықты. "Ең ауыры 60 жасымды түрмеде қарсы алдым" дейді ол", - деп жазды журналист.
Сонымен қатар, ол бұл іске қатысты жаңа дерек барын айтты.
"Рахат Сәрсеновтің ісі бойынша жаңа дерек. Жылқышының басындағы қиындық мұнымен аяқталмаған. Оның айтуынша, 2019 жылы бұрынғы жұмыс берушісі нотариусқа апарып, жалғыз баспанасын кепілге қойғызған. Ерлі-зайыптының сөзінше, құжат орыс тілінде рәсімделгендіктен, нақты қандай құжатқа қол қойып жатқанын толық түсінбеген. Қазір Рахат Сәрсенов тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупі бар. Себебі бұл мәселе бойынша сот шешімі шығып қойған", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!