Ақтөбе облысында 100-ден аса адам тойдан кейін ауруханаға түскен

Ақтөбе облысында тойға барған тұрғындар уланып қалған. Қандыағаштағы мейрамханалардың біріне барған 102 адам ауруханаға жатқызылған. Мекеме жұмысы уақытша тоқтатылып, мамандар оқиғаның себебін анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес ішек инфекциясының өршуі Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында тіркелген. Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, алғашқы науқастар 19 маусымда медициналық көмекке жүгіне бастаған.

"Қандыағаш қаласындағы "Тұмар" мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясы тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр. 19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасына және облыстық клиникалық инфекциялық ауруханаға ішек инфекциясы белгілерімен 102 науқас жатқызылды. Олардың 34-інде сальмонеллез болуы мүмкін. Осы жағдайлар бойынша Ақтөбе облысы СЭБД-ға шұғыл хабарлама жіберіліп, зерттеу үшін материалдар алынды", - деді Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілі.

Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа ауыр. Жұмысты үйлестіру үшін жедел штаб құрылған.

Ауданға қосымша медициналық бригадалар жіберіліп, ауруханаларда науқастарға арналған орындар мен дәрі-дәрмек қоры дайындалған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!