Биылғы көктем жаһандық климаттың айтарлықтай өзгеріп жатқанын аңғартты. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, соңғы рет көктемдегі мұндай жоғары температура 1850 жылы орын алыпты.
"Апат айтып келмейді" дейді. Ақтөбе облысындағы Темір ауданы су тасқынын өткеруге тас-түйін дайын болғанымен, табиғат тосын мінез танытып, жұртты әбігерге салды. Аудан орталығындағы Мұқантау қырынан еріген су Темірдегі, Шилі өзені Шитүбек елдімекеніндегі, Темір өзені Құмсай, Шұбарши ауылдарындағы, Ойыл өзені Еңбекші, Бабатайдағы тұрғын үйлерге қауіп тудырды.
Құтқару, қауіпсіз жерге көшіру, гуманитарлық көмек ұйымдастыру шараларында билік пен азаматтық қоғам өкілдері иық тіресіп, қатар жүрді. Кеңқияқ, Шұбарши жастары демде жиналып, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін танытып, тұтас бір ауыл Шұбаршиды судан аман алып қалды. Мұндағы халық ең бастысы елдің амандығына шүкір етеді.
Сол қарғын су басқан күннен бері жергілікті атқарушы билік қол қусырып қарап отырмаған. Материалдық шығынды есептеу үшін құрылған комиссия зардап шеккен тұрғындардың үй-жайларын аралап, өтініштерін тіркепті. Нәтижесінде, 98 отбасының үйі зардап шеккен. Оның ішінде 57 үй тұруға жарамсыз болып қалса, 41 үй жөндеуді қажет етті. Қазіргі таңда 30 үйдің иесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 148 млн. теңгеден астам төлем аударылған. Қаржы бөлу жалғаса бермек.
35 отбасы болса, "Болат Өтемұратов қоры" арқылы дайын тұрған үйді сатып алуға ниет білдірген. Әзірге, 16 отбасы жаңа баспанасына көшті. Бір отбасы "Қамқор-Ақтөбе" қоры арқылы баспаналы болмақ. Қалған 21 үй – Саркөл ауылдық округіне қарасты Құмсай ауылында жаңадан, тұрғындар өздері таңдап алған жер учаскесінде бой көтереді. Екі мердігер компанияның жұмыс қарқыны жоғары, заманауи үлгідегі үйлер белгіленген талаптарға сәйкес, құмсайлықтардың көз алдында салынып жатыр.
Сондай-ақ, 62 отбасы су тасқынынан келген шығын үшін 25 млн 538 мың теңге алыпты.
Мал шығындарын өтеу мақсатында малына тиісті сырғалау жүргізген мал иелері де өтінімдерін жазып, тиісті өтемақыларын алып жатыр. Аудан бойынша су тасқыны салдарынан өлген 528 бас мал үшін шаруалар 128 млн. 611,1 мың теңге сомасында қаржы алды.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету шаралары толыққанды жүргізілуде. Бүгінгі күні 1315 отбасыға 3 млрд 220 млн теңге өтемақы төленіп, 152 отбасы дайын үйге көшті. Сондай-ақ, облыс көлемінде 398 жаңа үйдің құрылысы қарқынды жүруде.
Материалды Ақтөбе облысының әкімдігі ұсынды
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз