- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысындағы мектеп
Ақтөбе облысы: “Жайлы мектеп“ салынбай жатып құлағалы тұр
Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ ауылында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық білім ордасының құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Себебі ғимараттың іргетастан кейінгі құрылымы үгітіліп, қабырғалары жарыла бастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қирағалы тұр" - тұрғындардың шағымы
Әлеуметтік желіде салынып жатқан мектептің видеосы тарады.
Желі қолданушылары құрылыс сапасын сынға алған. Видео авторы іргетастан кейінгі құрылым (армопояс) үгітіліп жатқанын, бұл құласа, мектеп түгел қирайтынын айтады.
Жобаға жауаптылар не дейді?
Бұл жобаның құны - 4 миллиард 875 миллион теңге. Samruk-Kazyna Construction АҚ мәліметінше, қазір құрылыс жұмыстары тоқтатылған, инженерлік-техникалық құрам ауыстырылған.
Тәуелсіз сарапшылардан арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр. Мамандар құрылыс стандарттарына сай келмейтін кемшіліктерді анықтаған.
А жəне Б блоктарының құрастырмалы іргетастары мен кірпіштерінде жарықтар пайда болғаны, бетон монолитті белбеудің жəне тірек табандарының үстіңгі қабатында олқылықтар бары анықталған.
Суреттер: тұрғындардан
Комиссия бас мердігерге арнайы аккредиттелген тəуелсіз зертханада зерттеу жүргізуді тапсырған. Қазір құрылыс материалдары зертханалық тексерістен өткізіліп жатыр. Тəуелсіз комиссия қорытындысы шыққаннан кейін соңғы шешім қабылданбақ.
Мердігер жағынан да, Samruk-Kazyna Construction тарапынан да Кеңқияқтағы жобаға жетекшілік еткен басшылар жағдайдың мəн-жайы анықталғанша міндеттерінен босатылды.
"Зертханалық сынақтардың алдын ала нəтижелері шықты. Енді нысанға құрамына Қазақстан көп бейінді қайта құру жəне дамыту институтының мамандары енген тəуелсіз комиссия техникалық тексеріс өткізеді.
Комиссия шешіміне сай не мектептің іргетасын бекіту жұмыстары жүргізіледі, не болмаса ғимарат толықтай бұзылып, қайта салынады", - деп жазылған Samruk-Kazyna Construction хабарламасында.
Бұл нысан бойынша ешбір акт қабылданбаған, төлем жасалмаған. Атқарылған жұмыс сапасы талапқа сай болмайынша төлем жасалмайтыны хабарланды.
Ал мердігер компания өкілі кемшілікке жол берген қызметкерлер жұмыстан шеттетілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол жақын маңда бетон зауыты болмағандықтан, материал кармикс құрылғысы арқылы дайындалғанын, бұл сапаға әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
"Біздің алдын ала болжамымыз бойынша сол жердегі құрамның қателігі, екінші сапаға сай емес материалдар қолданылған болуы мүмкін. Нақты зертхананың шешімі шыққаннан кейін кемшіліктерді түзеуге дайынбыз. Барлығы өз қаржымыздан жасалады. Тапсырыс берушіден қаражат алған жоқпыз", - деді мердігер компанияның аймақтық директоры Нұржан Жандос.
Жоспар бойынша мектеп құрылысы 2025 жылы аяқталуы керек.
Айта кетейік, Кеңқияқ - Ақтөбе облысы Темір ауданындағы ауыл, Кеңқияқ ауылдық округі орталығы. Аудан орталығы Шұбарқұдық кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 74 шақырым жерде орналасқан.
"Жайлы мектеп" жобасы туралы не белгілі?
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы - білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жоба. Ресми мәліметке сүйенсек, жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 369 заманауи мектеп салу көзделеді. Осылайша 740 мыңға жуық оқушыға арналған білім нысанын ашу жоспарланып отыр.
Жобаның мақсаты - ел бойынша апат жағдайындағы мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жою.
Ал Ақтөбе облысы бойынша 2024 жылға дейін 14 мектеп, 2025 жылға дейін 4 мектеп салу, осылайша 14.900 орынмен қамту көзделіп отыр.
Massaget.kz редакциясы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қанша қаржы бөлінгенін анықтау мақсатында жауапты органдарға ресми сауал жолдайды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысындағы Шилісай ауылында да 5 жылдан бері мектеп құрылысы аяқталмай тұрғаны хабарланды.
Кәмшат Қопаева
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова