Ақтөбе облысы әкімдігіндегі өрт: төтенше жағдайдың алдын ала себебі белгілі болды

Ақтөбе облысы әкімдігінде шыққан өрттің алдын ала себебі белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, тілсіз жау 300 шаршы метр аумақты шарпыған.

"Жалын тез тарауына шатырда жанғыш материал көптігі және ағаш жабындар себеп болған. Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдары қысқа тұйықталуынан шыққан. Қазір мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр", - деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Евгений Овчарский.

Облыс әкімдігі ғимаратының шатыры соңғы рет 2024 жылы жөнделген. Өртке қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы ("Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқыс оқиғадан кейін әкімдік қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілді. Ғимаратта барлығы мыңнан аса адам жұмыс істейді.

Ақтөбе облысы әкімдігіндегі өрт

2026 жылы 7 сәуірде кешке Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан облыстық әкімдік ғимаратында өрт шықты. ТЖМ мәліметі бойынша 6 қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры өртенген.

ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына 5 минут ішінде жеткен. Алғашқы бөлімшелер жеткен кезде әртүрлі орында үш жану ошағы байқалған.

Өртті сөндіруге 140-тан аса қызметкер және 40 техника жұмылдырылған. ТЖМ күштерімен өрт 300 шаршы метр аумақта толық сөндірілген.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!